Түркістан облысы Қазығұрт ауданының полицейлері «Борышкер» іс-шарасы кезінде жүрісі күмәнді «Opel Vectra» автокөлігін байқап, бірден тоқтатқан. Оқиға Яссауи көшесі бойында сағат 03:30 шамасында болған. Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде көлік иесінің өткен жылдың қыркүйек айында Шымкент қалалық сотының қаулысымен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабына сәйкес көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылғаны анықталған. Сондай-ақ полицейлер жүргізушінің мас халде болуы мүмкін екеніне күдіктенді. Ер кісі сараптамадан өтіп, куәландыру қорытындысы оның мас күйде екенін растады.
«Қылмыстық кодекстің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішімдік ішіп, көлік басқарған жүргізуші қамауға алынды»,-деді облыстық Полиция департаментіндегілер.