Ұлттық қауіпсіздік комитеті трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтардың заңға қайшы іс-әрекетін анықтау және оның жолын кесу бойынша жұмыстарды жүргізуде.
Ұзақ уақыт жедел зерделеуден кейін Қызылорда және Арал қалаларында «А» арнайы мақсаттағы қызметті жұмылдырумен және прокуратураның қатысуымен іске асырылған арнайы операция барысында өңірлік ұйымдасқан қылмыстық топтың 32 қатысушысы ұсталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеттің баспасөз қызметі хабарлады.
Топтың әр мүшесінің өзіне жүктелген міндетіне қарай нақты құрылымы қалыптасқан. Қажетті шешімдерді тұрақты түрде өткізіліп тұратын «жиналыстарда» қабылдап тұрған.
«Ұсталғандардың қатарында трансұлттық қылмыстық ұйымдардың топ басшыларына бағынышты және солардың атынан әрекет етіп, Қызылорда облысының қылмыстық иерархиясында белгілі бір дәрежеге ие болғандар бар. Олардың тұрғылықты мекен-жайлары бойынша қарудың бірнеше түрі, «ұрылар кассасының» сметасы, есірткі заттары, сонымен қатар тергеу үшін қызығушылық тудыратын өзге де заттар мен құжаттар алынды» делінген мәліметте.
Қолға түскендер қылмыстық топ құру, басқару және қаражаттандыру, бопсалау сынды ауыр қылмыстар жасады деген күдікке ілінген.
Осылайша ұйымдасқан қылмыстың Қазақстандағы позицияларының және елдегі қылмыстық ахуалға әсерін күшейту бойынша жоспарларына тосқауыл қойылды. Трансұлттық қылмыстан төнетін қауіпті бейтараптандыру аясындағы іс-шаралар жалғасуда.