Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері – Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Мақсат – Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасыныңның жұмыс методикасымен танысу, әлеуметтік мекемелердің жұмыс барысын көзбен көріп, жалпы тәжірибе алмасу.
Арнайы топ құрамында Атырау облысының 7 ауданының әлеуметтік сала жетекшілері бар. Батыс Қазақстандық әріптестер, бірінші – қаламыздың зейнеткерлеріне қызмет көрсететін «Белсенді ұзақ өмір» орталығында болды. Бүгінгі таңда 800-ге жуық ардагерлердің уақытын тиімді ұйымдастыруға үлес қосып отырған мекеменің жұмыс жасау методикасымен танысып, барысын көзбен көріп, қызмет алушылармен тілдесті.
Құралай Тлеумағамбетова – Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:
– Бүгін сапар аясында «Белсенді ұзақ өмір» орталығының базасында болдық. Қариялардың белсенділігін арттыруда орны ерекше мекемені біз өз аймағымызда да ашуға ниеттіміз. Барлық заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген мекеменің жұмысы көңілімізден шықты.
–
Түс ауа, арнайы топ өкілдері №4 балаларға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына және «Бақытты жанұя» мен «Тең қоғам» мекемелеріне барды. Қос тарап, аймақтардағы халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік саладағы әдістемелер туралы өзара пікір алмасты.
Осы бағыттағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда Шымкент қаласы мен Атырау облысы арасында өзара байланыс алдағы уақытта да, нығая бермек. Айта кетейік, Атырау облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмыс сапары апта бойы жалғасатын болады.