Шымкентте Оңтүстік Корея елінде жалдамалы жұмыс жасап, нәпақасын табуды көздеген тұрғындар шетелге шықпай жатып, алданып қалды. Олар аз күнде виза аштырамыз деп, бөгде азаматшаға қомақты қаржыларын беріп, қайтара алмай қалған.
Қаратау ауданы полиция басқармасының кезекші бөліміне 102 арнасы арқылы 40 жастағы қала тұрғыны арызданған. Ол арызында бейтаныс әйел Оңтүстік Кореяға виза құжаттарын рәсімдеп (ашып), тіпті шетелде жалдамалы жұмыспен қамтамасыз ете алатындығын айтып, 997 мың теңге ақшасын алаяқтық жолмен заңсыз иеленгенін жазып көрсеткен.
Одан бөлек, тағы бір қала тұрғыны дәл осындай мазмұндағы арыз түсірген. 48 жастағы ер адам өз арызында 2020 жылдың ақпан айында Оңтүстік Кореяға виза аштырамын деп, өзіне бұрын-соңды таныс емес бөгде азаматшаға 1 млн 6 мың теңгесін беріп, сан соғып қалғанын жеткізген.
«Шымкенттік полицейлер аталған хабарламаларды алған бойда, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, күдіктінің жеке басын анықтауға бағытталған қажетті шараларды қабылдады. Ол Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тұрғыны болып шықты. Жасы – 34-те. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның мән-жайларын анықтап жатыр»,-деді Полиция департаментіндегілер.