Түркістан облысы, Ордабасы ауданында адам өлімімен аяқталған жол апаты орын алды. Таңғы сағат 9-дар шамасында аудандық полиция бөліміне Қайнар ауылында жол апаты орын алғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел тергеу тобы шыққан.
«Полицейлер тексеру кезінде «LADA 211440» маркалы көлік жүргізушісі, яғни жасөспірім жігіт Шымкент бағытына қарай бара жатқаны анықталды. Ол басқару жүйесін игере алмай, жол шетіне шығып кеткен. Осы сәтте жүргізуші жаяу жүргіншілер жолында кетіп бара жатқан жасөспірім қызды қағып кетіп, жол апаты орын алған. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігімен «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» тергеу амалдары жүргізілуде»,-деді Түркістан облысты Полиция департаментіндегілер.
Оқушы қыз жедел жәрдем көлігімен орталық ауруханаға барар жолда қайтыс болды. Ал көлік тізгіндеген жас бала мен бір жолаушы түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен. Белгілі болғандай, жасөспірім жігіт әкесінің үйде жоқтығын пайдаланып, көлігін рұқсатсыз мініп кеткен.