Ақмола облысы, Атбасар қаласының 53 жастағы тұрғыны жанжал кезінде әріптесін өлтіріп, қылмысын жасыру мақсатында мәйіттің үстіне бетон құйып тастаған. Оқиға 2017 жылы шілде айында болған. Арада бес жыл өткен соң кісі өлімі туралы ер кісінің өзі полицияға мойындап келген.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Целиноград ауданы Талапкер ауылында болған. 49 жастағы ер адамды өлтірген күдікті екеуі құрылыс жұмыстарын жасап жатқан үйде мәйіттің үстіне бетон құйғаны туралы айтқан.
«Тексеру барысында қайтыс болған адамның қалдықтары табылды. Қазіргі уақытта адам өлімінің нақты себебін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиға орнынан заттай айғақ – балға тәркіленді. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы “Адам өлтіру” бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды» делінген ведомство мәліметінде.