Түркістан облысы әкімдіктер арасында жемқорлық бойынша көш бастап тұрған өңір болып танылды. Ranking.kz аналитикалық ресурсы өңір әкімдіктеріндегі жемқорлық деректері бойынша рейтинг жасады.
2022 жылдың қаңтар–шілде айларында жалпы ел бойынша әкімдіктер мен олардың құрылымдас бөліміндегі 91 қызметкер жемқорлыққа барған. Бұл соңғы жылдардағы “рекордтық” көрсеткіш. Мәселен, 2021 жылдың осы кезеңінде 87 жемқор ұсталған.
Ал өңірлер арасында Түркістан облысындағы әкімдік қызметкерлері жемқорлық қылмыспен жиі ұсталған. Олардың саны – 13 адам. Ал Қызылорда облысы (11 адам) мен Шымкент қаласы (9 адам) алғашқы үштікте тұр. Аталған рейтингтің соңғы үштігіне Нұр-Сұлтан қаласы мен Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының әкімдігі енген. Бұл үш өңірде тек 1 ғана жемқорлық фактісі тіркеліпті.
Еске салсақ, жуырда ғана Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев отставкаға кетті. Оның қызметтен кетуіне қол астындағы қызметкері – Кентау қаласының әкімі болған Дәурен Мақажановтың пара алуы себеп болды. Экс-әкім 50 млн теңге парамен ұсталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.