Алматыда 24 жастағы келіншек пен онымен бірге тұратын 21 жастағы сүйіктісі дүниеге келгеніне небәрі алты күн болған қызын сатпақ болған жерінен ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Осы қылмысты жасады деген күдікпен жеті адам қамауға алынды. Олардың әрқайсысының рөлдері нақты бөлінген.
«Жұптың құрсақтағы баласын сатып алушыларды екі ай бұрын іздей бастағандығы анықталды. Баланы 48 жастағы ер азамат пен 46-дағы әйел сатып алмақ болған. Оның екеуі де Алматы қаласының тұрғындары. Тараптар 2 миллион теңгеге келіскен. Алайда Криминалдық полиция және Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармалары қызметкерлерінің қаланың әр жерінде бір уақытта жүргізген арнайы іс-шарасы күдіктілердің жоспарын бұзды. Алғашқылардың қатарында қыздың биологиялық ата-анасы ұсталды. Одан кейін әлеуетті сатып алушылар және ерлі-зайыпты делдалдар. Келесі қадам ақшалай сыйақы үшін баланың құжаттарын рәсімдеу міндетін өз мойнына алған 56 жастағы азаматшаны ұстау болды», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.
Сәбиді сатып алушылар мен арадағы делдалдар нәресте мен келісілген ақшаны бір-біріне беру кезінде бір уақытта ұсталған. Полицейлердің мәліметінше, делдалдардың қолында бұдан бөлек тағы екі нәресте болған.
«Кездесу кезінде делдалдардың қолында тағы екі сәбиі болған. Болжам бойынша үш және және айлық балалар. Ер адам бұлар өздерінің балалары екенін айта бастады. Алайда олар балалардың жеке басын куәландыратын құжатты көрсете алмады. Арнайы іс-шараның нәтижесінде күдіктілерден үш сәби алынды. Олар медициналық мекемеге тексерілу және қажет болған жағдайда көмек көрсету үшін жеткізілді. Күдіктілер бұл балаларды “тірі” тауар ретінде пайдалануы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Тергеу міндетті түрде шындықты анықтайтын болады», – деді Дидар Аханов.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 135-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.