Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасы бойынша Азаматтық авиация комитеті «Қазақстанның Авиация әкімшілігі» АҚ-мен бірлесіп көптеген рейстердің кешігуіне және жолаушылардан түскен шағымдарға байланысты тексеруді жалғастыруда.
Тергеу барысында ағымдағы жылдың 5 маусымында «Эйр Астана» компаниялар тобына кіретін Fly Arystan әуетасымалдаушысының Алматы – Шымкент бағыты бойынша КС-7105 рейсі 15 сағат 10 минутқа кешіккені анықталды. Осы рейстің жолаушыларына ұшуды күту кезінде «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 86-бабының 1-бөлігінде көзделген қызметтер, атап айтқанда, қонақ үйде орналастыру қызметтері дұрыс деңгейде көрсетілмеген.
Осыған байланысты ағымдағы жылдың 28 шілдесінде, авиакомпанияға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 567-бабының 2-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалып, оған сәйкес авиакомпанияға 1000 АЕК ( 3 063 000 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Бұған дейін «Эйр Астана» компаниялар тобы ағымдағы жылдың 7 және 21 шілдесінде рейсті кешіктіру кезінде жолаушылардың құқықтарын бұзғаны үшін 1000 АЕК (3 063 000 теңге) көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Жалпы биыл «Эйр Астана» компаниялар тобы рейстің кешігуі кезінде жолаушылардың құқықтарын бұзғаны үшін 9 189 000 теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі уақытта рейстің кешігуіне және жолаушылар құқықтарының бұзылуына байланысты тергеу жалғасуда. Құқықбұзушылық фактілері анықталған жағдайда тасымалдаушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады» делінген комитеттің мәліметінде.