Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен есепті кездесу өткізді. Жиынға 350-ге жуық тұрғын мен мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, азаматтық қоғам өкілдері, құқық қорғау органдары мен басқармалардың басшылары қатысты.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылы Әл-Фараби ауданын мобильді интернетпен қамту көрсеткіші 90 пайызға жеткен болса, биыл 100 пайыздық меже көзделген. Бұл мақсатта базалық станциялар орнатылуда. Нәтижесінде 195-орам, 275-276 орам тұрғындары сапалы интернетке қол жеткізеді. Бұл туралы қала әкімінің тұрғындармен есепті кездесуінде аудан басшысы Рашид Мыңбаев баяндады.
Оптикалық интернет желісімен қамту мақсатында 2021 жылы шалғай орналасқан 2610 үйді қамтитын «Сәуле» шағынауданына талшықты оптика желісі жүргізілген. Жыл соңына дейін оптика желісі 195-орам, 275-276 орамға жүргізілмек. Нәтижесінде 100 пайыздық қамту көрсеткішіне жету жоспарланған.
Жиында ауданның тазалық жұмыстары барысы да айтылды.
Тазалық жұмыстарын жүргізу үшін аудан 7 секторға бөлінген. Мұнда ішкі орамдық көшелер аптасына 2 рет, 172 қоқыс жәшігі күніне 3 рет, 425 қоқыс жәшігі күніне 2 рет, көпқабатты тұрғын үй аулалары аптасына 4 рет қоқыстан тазартылып келеді.
Көгалдандыру және жасыл желектерді күтіп ұстау мақсатында биыл 6 ай көлемінде: 1750 дана ағаш қырқылып, 11 420 ағаш әктелген. 100 413 дана гүл және 3300 ағаш отырғызылған. Жыл соңына дейін 180 мың түп гүл, 8 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр екен.