Қазақстандықтар енді жеке куәлікті өзімен бірге алып жүріп әуреленбейді. Себебі кез келген жерде құжаттың электрондық нұқасын қолдана алады. Бұл туралы AMANAT партиясы алаңында өткен брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты цифрлық трансформациялау департаментінің директоры Назгүл Бажаева мәлімдеді.
Департамент директорының айтуынша, биыл 15 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды дамыту, ақпараттық қауіпсіздік және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойған.
«Аталған заң аясында цифрлық құжаттарды қолдану іске қосылды. Оның қатарында азаматтардың жеке куәлігі де бар. Яғни, сіз EGovMobile мобильдік қосымшасы арқылы жеке куәлігіңіздің электронды нұсқасын жүктеп аласыз. Одан әрі QR код арқылы жеке басыңызды растай аласыз. Бұған дейін жеке куәліктің электрондық нұсқасы тек мемлекеттік қызмет алған кезде халыққа қызмет көрсету орталықтарында ғана қолданылған еді. Жаңа заңға сәйкес енді барлық жерде жеке куәлікті QR код арқылы көрсетсе жарап жатыр», – деді ол.