Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Серік Шайдаров парламенттік сағат барысында Ұлы Отан соғысының 88 ардагері әлі күнге дейін тұрғын үй алу үшін кезекте тұрғандығын атап өтті, дегенмен 7 жыл бұрын жауапты шенеуніктер ҰОС ардагерлерінің барлығы жүз пайыз тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, сол себептен бұл сұрақтың күн тәртібінен алынып тасталғанын хабарлаған болатын.
“Көптеген ардагерлер жүз жылдық жасқа жақындады. Жедел шаралар қолданбай, олардың көпшілігі үшін баспана алу мүмкін емес арман болып қала береді”, – деді сенатор өз сөзінде
Сонымен қатар, Палатаның Вице-спикері Ольга Перепечина соңғы 4 жылда тұрғын үйді іске қосу көлемі іс жүзінде 37%-ға ұлғайғанына қарамастан, қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып қала беретінін атап өтті. Ол құрылыс саласының өсу қарқынын сақтау ұлттық экономиканың дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей әсер ететінін атап өтті.
«Бүгінде Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі құрылыстың үлесі 6%-дан сәл асады. Сонымен бірге БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының мәліметі бойынша, 2010 жылы бізде бұл көрсеткіш 8% деңгейінде болды. Сонымен қатар осы экономикалық көрсеткіштер бойынша Қазақстан Әзербайжан мен Армения сияқты ТМД елдерінен, сондай-ақ Балтық жағалауы елдері – Литва мен Эстониядан төмен болып отыр. Сондықтан құрылыс саласының өсу қарқынын сақтау ұлттық экономиканың дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей ықпал етеді», – деді Ольга Перепечина.
Сенатор Серік Шайдаров өз кезегінде Үкіметтің назарын тұрғын үй құрылысы саласындағы нақты проблемаларға аударды. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстары сапасының төмендігі, мемлекеттік сатып алу тетіктерінің жетілмегені, құрылыс материалдарының қымбаттауы, сондай-ақ ауылдық жерлерде тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалардың жоқтығы туралы айтылды.
«Осы проблемаларды ескере отырып, Үкімет мемлекеттің жер қорын есепке алып және тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың біркелкі құрылысын болжап жүргізуге орай қалалардың бас жоспарын әзірлеу тәсілдерін қайта қарауы қажет. Сондай-ақ Үкіметке мемлекет мүддесі мен тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру үшін жағдай жасау қажеттігін ескере отырып, осы проблемаларды шешудің оңтайлы тетіктерін әзірлеуді ұсынамын», – деді сенатор Шайдаров.
Үкімет сағаты барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Еркебұлан Дауылбаев, Түркістан және Абай облысының басшылығы, «Отбасы Банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, сондай-ақ Ұлттық экономика министрінің орынбасары Бауыржан Омарбеков баяндама жасады.
Шараны жүргізіп отырған Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков Үкімет сағаты барысында әзірленген ұсыныстарды атап өтті. Үкімет ол ұсыныстарды аса мұқият бақылауға алуы тиіс.
«Құрылыс көлемін ұлғайту, халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуда мемлекеттік қолдау шараларының атаулы болуы мен тиімділігін арттыру талап етіледі. Құрылыс материалдарының импортын азайтуға, сондай-ақ отандық құрылыс өнімдерін өндіру нарығын дамытуға бағытталған шаралар қабылдануы керек. Сондай-ақ ескірген тұрғын үй қорына байланысты мәселелерді шешу тәсілдерін әзірлеу қажет», – деп атап өтті Дәурен Әділбеков.
Жұмыс қорытындысы бойынша Сенат депутаттары әзірленген осы және басқа да ұсынымдар Үкіметке жіберілетін болады.