Елордада жалған анықтамалар сатқан медициналық орталықтардың екі басшысы ұсталды, – деп хабарлайды Elitar.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Клиенттер көлік құралдарын басқаруға жүргізуші куәлігін алу үшін медициналық анықтамаларға тапсырыс берген. Іс-шаралар кешені барысында Астана қаласының полицейлері алдын ала сөз байласу бойынша жалған медициналық анықтамаларды өткізу арнасын ұйымдастырған ЖШС-ның екі басшысын ұстады.
Ақшалай қаражатқа олар медициналық ұйымға іс жүзінде бармай-ақ уақытша еңбекке жарамсыздық парақтарын, денсаулық паспорттарын, санитарлық кітапшаларды, №086, 075 нысанындағы анықтамаларды және өзге де медициналық құжаттарды дайындаған.
Тергеу-жедел іс-шаралар кешенін өткізу кезінде Астана қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Тәуелсіздік даңғылы бойындағы медициналық орталықтың 33 жастағы басшысын ұстады.
Тінту барысында қолма-қол ақша, елтаңбалық мөрлер, медициналық мөртабандар, медициналық анықтамалардың үзбелі түбіртек байламдары, тіркеу журналдары, медициналық кітапшалар, толтырылған және мөр қойылған еңбекке жарамсыздық парақтары тәркіленді.