Түркістан облысы Жетісай ауданында медициналық көмекке жүгінген ер кісі ондағы қызметке көңілі толмағандықтан қызметкерден ақша бопсалаған. Осылай деп полицияға арзданған медицина қызметкері ер кісі өзін қорқыту арқылы 2 миллион теңге сұрағанын айтқан. Жәбірленушінің арызы Қылмыстық кодекстің 194-бабы 1-бөлігі “бопсалау” бойынша тіркелді.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде күдікті 1,5 миллион теңгеге жуық ақшаны алу кезінде ұсталды. Ол Жетісай ауданының тұрғыны болып шықты.
«Заттай дәлел ретінде жедел уәкілдер ер адамнан ақша тәркіледі. Белгілі болғандай, күдікті көрсетілген медициналық қызметке көңілі толмағанын алға тартқан. Содан медицина маманынан ірі көлімдегі ақшаны бопсалаған. Егер бермесе, жоғары тұрған басшылыққа арыз жазып, оны жұмыстан шығары жіберемін деп қорқытқан» деп атап өтті облыстық Полиция департаментіндегілер.
Күдікті дереу қамауға алынды. Қазіргі уақытта бопсалау жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.