Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда әйелін аяусыз ұрып-соққан ер кісіге сот үкімі шықты. Көптің жағасын ұстатқан оқиға ағымдағы жылдың жазында болған. Ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындап, 44 жастағы еркек келіншегін соққының астына алған. Келіншек ауруханаға түсіп, дәрігерлер оған мидың шайқалуы, жабық ми жарақаты, параорбитальды гематома, иық пен қабырғаның зақымдануы, бірнеше қабырға сынған деген диагноз қойған болатын.
Денеге зақым келтіру дерегі бойынша тергеушілер қылмыстық іс қозғады. Тергеу кезінде ер адамға жәбірленушіге жақындауға тыйым салынған.
«Іс жүзінде дәлелдемелік база жинақталып, оған бірнеше сараптаманың нәтижелері қоса тіркелді. Тергеу аяқталғаннан кейін айыптау қорытындысы бар материалдар қалалық соттың қарауына жіберілді. Сот үкіміне сәйкес құқық бұзушы бір жыл бас бостандығын шектеу және 100 сағат мәжбүрлі жұмыс түріндегі жаза тағайындаумен кінәлі деп танылды», – деді Талдықорған қалалық полиция басқармасының анықтаушысы Батырхан Маштақов.
Осы жағдайдан соң әйел күйеуінен кетуге шешім қабылдап, қазіргі кезде бөлек тұрып жатыр екен.
Ер адам полиция қызметкерлерінің қатаң бақылауында. Жаза кезінде оған ойын-сауық орындарына (кафелер, барлар, мейрамханалар және т.б.) баруға және 22-00 сағаттан кейін рұқсатсыз тұрғылықты жерінен кетуге және қаладан кетуге тыйым салынған.