Шетелде жұмысқа тұрмақ болған Шымкент тұрғыны қомақты қаржысынан айырылды. Оның айтуынша, танысы Щвеция елінде жүк көлігінің жүргізушісі ретінде тұрақты жұмысқа орналастырып беремін деп уәде еткен. Сеніміне кірген алаяқ ол қызметі үшін алдын ала 1 842 500 теңгесін алып, осы уақытқа дейін уәдесін орындамай келген. Ақшасын да қайтармай қойған. Күте-күте күдері үзілген жәбірленуші полицияға арызданды.
Оның шағымы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
«Күдіктінің жеке-басын анықтауға бағытталған барлық қажетті шаралар қабылданып, жедел іздестіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жергілікті жердің тұрғыны анықталды. Жасы-43-те, жұмыссыз. Бұған дейін алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотты болған. Қазіргі кезде ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде»,-деді қалалық Полиция департаментіндегілер.