Оқиға бүгін, 5 желтоқсанда таңғы уақытта «Коршунова-Черемшанка» аралығында болған. Жүк пойызының машинисі темір жолда жүрген жылқы табынын байқап, соқтығысуды болдырмауға тырысқан. Алайда соқтығысудың алдын алу мүмкін болмады. Салдарынан 8 жылқыны қағып кетті.
Бұл туралы ІІМ Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов мәлімдеді. Оның айтуынша, оқиға орнына Риддер станциясындағы Желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері бірден жетті. Өткізілген тиісті іс-шаралардың нәтижесінде үй жануарларының иесі ретінде Глубокое ауданының 33 жастағы тұрғыны анықталды.
«Аталған азаматқа қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 559-бабының 1-бөлігі, яғни темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оған 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды», – деді полиция полковнигі.
Спикердің мәліметінше, жыл басынан бері теміржолда малдың болуына байланысты пойыздардың шұғыл тежелуінің 1463 фактісі тіркелген. Оның ішінде теміржол бойында мал жайғаны үшін 1169 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.