Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында ер кісі суицид жасап, өмірімен қоштаспақ болды. Ол өзіне қол салатынын айтып, қарындасына видео жіберген екен. Оны көрген әйел азаматы дереу полицияға хабарлап, көмек сұраған. Оқиға кешкі сағат 20:52 шамасында болған.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, хабарлама түскен бойда көрсетілген мекенжайға учаскелік полицей аттанған. Оқиға орнына келіп жеткен ол үйдің іші-сыртын түгел тексеріп, ешкімнің жоқ екеніне көз жеткізген. Десе де үйде болған жанның алысқа кете қоймағанын үстел үстіндегі ішімдіктерден, теледидардың қосулы тұрғанынан аңғарыпты. Сөйтіп сыртқа шыққанда үйдің жанындағы қосымша бөлмеде жарықтың жағулы тұрғанын байқаған. Бөлме есігін ашқанда ер кісінің өз-өзіне қол жұмсап, асылып тұрғанын көреді.
Тәртіп сақшысы суицидке барған тұрғынды жіптен шешіп, алғашқы көмек көрсете бастаған. Тез арада жедел жәрдем шақырып, өлім аузынынан аман алып қалған.
«Сол сәтте оның өмірі менің қолымда тұрғандай сезіндім. Ол екі мәрте өмірімен қоштасуға тырысқан. Біріншісінде жібі үзіліп кетіп, екіншісінде мен келіп үлгердім. Ол есінен танып қалды. Өмір сүру белгілерін көрсетпеді. Бетінен ұрғылап, қолымнан келген көмегімді көрсеттім. Бірнеше секундтан кейін әлгі ер адам терең дем алды»,-деді полиция инспекторы Елжас Серікқалиев.
Тексеру кезінде ер адамның отбасылық жағдайларға байланысты ішімдік ішкен күйде суицидке барғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта жағдайы қалыпты. Дәрігерлердің айтуынша өміріне еш қауіп жоқ.