Әлихан Смайылов инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚР премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында салықтық әкімшілендіруді одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар қаралды.
Іс – шараға Қазақстанда аккредиттелген АҚШ елшілері Дэниел Розенблум, Ұлыбритания – Кэти Лич, Еуропалық Одақ – Кестутис Янкаускас, Канада-Алан Хамсон, Қазақстандағы Американдық Сауда палатасының атқарушы директоры Дорис Брэдбери, сондай-ақ ірі бизнес пен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Премьер-Министр өз сөзінде Үкімет мемлекеттің шамадан тыс араласуынан алыстауға және оның барлық қатысушылары үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған бәсекеге қабілетті нарықтық экономика құру бағытын жалғастыратынын атап өтті.
“Бұл бағытта салауатты нарықтық бәсекелестікті күшейту, заңнама мен сот практикасын жетілдіру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі шаралар іске асырылуда. Бұл бизнестің мүдделері мен құқықтарын қорғау жүйесін едәуір нығайтады, инвесторлар үшін кең экономикалық мүмкіндіктер туғызады”, — деді Әлихан Смайылов.
Ол фискалдық саясатты жетілдіру үшін 2030 жылға дейін мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы қабылданғанын, ал фискалдық саясатты қайта жүктеу мақсатында 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленетінін атап өтті.
Оның айтуынша, салық заңнамасын жақсарту бойынша барлық жұмыстар салық төлеушілермен, сарапшылармен және халықаралық консультанттармен тығыз ынтымақтастықта жүргізілетін болады.
“Бұл ретте салықтық әкімшілендіруді оңайлатуға және цифрландыруға, пайданы қайта инвестициялау кезінде корпоративтік табыс салығы бойынша жеңілдіктерді қолдануды кеңейтуге ерекше назар аударылатын болады”, — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Отырыс аясында қатысушылар салық саясатының тиімділігін арттыру бойынша ұсынымдарды, жаңа Салық кодексін әзірлеу, тауарларды кедендік өңдеу, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және қазақстандық және шетелдік кәсіпкерлер арасындағы бизнес-байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.
Талқылауды қорытындылай келе, Премьер-Министр барлық айтылған ұсыныстар мен ұсынымдарды тиісті мемлекеттік органдар пысықтайтынын атап өтті.
“Қазақстан үкіметі салық саясатының барлық өзекті мәселелері бойынша инвесторлармен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын”, – деп түйіндеді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Шымкент инвестиция тарту бойынша көшбасшы болды. 2022 жылдың бес айында қала экономикасына 130,9 миллиард теңге тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,6 пайызға артық (2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында – 96,9 миллиард теңге).