Талдықорған қалалық сотының үкімімен алаяқтық жасағаны үшін Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы А.Түменбаева 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Жетісу облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мәліметінше, судья адвокат А.Тазабеков пен азамат Ж.Жанпейісов арқылы “Good Zhem” ЖШС басшысы А.Пактан азаматтық іс бойынша оң шешім үшін 1,5 млн теңге сомасында ақшалай қаражат алған.
Сол үкіммен А.Пак мемлекеттік қызметте және коммерциялық ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыруға пара беруге оқталғаны үшін сотталды.
«Осы соттың қаулысымен адвокат А.Тазабеков пен азамат Ж.Жанпейісов парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оларға Қазақстан Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау актісі аясында қылмыстық қудалау тоқтатылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ» делінген департаменті мәліметінде.