Бүгін сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының бірінші сессиясы өтті. Су жаңа депутаттарға аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев, куәлік пен төсбелгілерін табыс етті. Айта кетейік, жаңа депутаттық корпусқа 32 депутат сайланып отыр. Оның ішінде 16 депутат бір мандатты округ арқылы сайланған болса, партиялық тізім бойынша «Amаnat» партиясынан – 11 депутат, «Ақ жол» партиясынан – 3 депутат және «Ауыл» партиясынан 2 депутат сайланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша мәслихат төрағасы лауазымына Бахадыр Нарымбетов ұсынылып, шешім бірауыздан қабылданды. Осыдан кейін Шымкент қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларын құру, олардың құрамын бекіту және тұрақты комиссиялардың төрағаларын сайлау туралы шешімдер қабылданды.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов депуттарды ел сеніміне ие болуымын құттықтап, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
«Алдымызда атқаратын ауқымды жұмыстар тұр. Қазіргі жаһандану процессінде көштің соңында қалмас үшін жылдам және ұтқыр шешімдер қабылдай білуіміз қажет. Біз әрқашан да халық үнімен санасып, қаланың стратегиялық құжаттарын, бюджетті қалыптастыру, нормативтік құжаттарды бекіту барысында ел мүддесін бірінші кезекке қойып келеміз. Қаламыздың әлеуметтік экономикалық жағдайы Үкіметтің қолдауымен тұрақты дамып келеді. Алда атқарылатын нақты міндеттерді өздеріңізбен бірлесе жүзеге асыратынымызға сенімдімін» – деді қала әкімі.
Сессияда тұрақты комиссияларды құру мен оның тiзбесi, құрамы белгіленіп, алдағы жоспарлар бекітілді.
Нақтырақ айтар болсақ, бюджет және экономикалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағалығына – Альбина Елшиева тағаындалды. Ал, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссия төрағалығына Дариякүл Қожамжарова, құрылыс және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағалығына Шыңғыс Қозбахов бекітілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамыту және цифрландыру жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағалығына Айжан Наимбекова сайланды. Сондай-ақ, жергілікті өзін-өзі басқару және қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағалығына Мерлан Керімжановтың кандидатурасы құпталды. Бұдан бөлек, инвестиция және қалалық жайлы ортаны дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағалығына Ноян Төлегенов сайланды.