Халықты жұмыспен қамту мәселелері үнемі бақылауда және бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Биыл жыл басында өңірлік жұмыспен қамту карталары бекітілді, оның шеңберінде осы жылы жұмысқа орналастыру бойынша жоспарлар белгіленді.
«2023 жылы 950 мыңға жуық адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда, оның ішінде 231,3 мыңы – Ұлттық жобаларды іске асыру арқылы, соның ішінде субсидияланатын жұмыс орындарына, 345,8 мыңы – Мемлекет басшысының «10 мың халыққа 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде, 320,4 мыңы – жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына орналастыру көзделген»-деп отыр жауаптылар.
Жыл басында 117 мыңнан астам азамат жұмыс орындарына ие болды. Ұлттық жобалар аясында 73,3 мың адам жұмысқа қабылданған. «10 мың халыққа 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде жұмыс орындары 15,8 мың адамға ұсынылған. Ал бос жұмыс орындарына жұмыс берушілерден 28,1 мың адам жұмысқа орналастырылған.
Осы орайда, Шымкентте жаңадан құрылған Тұран ауданы бойынша жұмыспен қамту бөлімшесі ашылды. Енді ауданның құрамындағы 21 елдімекен мен тұрғын алап тұрғындары жұмыспен қамту және атаулы әлеуметтік көмек бағыттары бойынша қызмет түрлерін Қазыбек би №50 мекен-жайынан ала-алады.
Тұран ауданы мегаполис аумағының 32%-ын құрайды, яғни жалпы аумағы 36,3 мың га. Халық саны 220,7 мың. Жаңадан ашылған бөлімше күнделікті 100-200-ге жуық адамды қабылдай алады. Штаттық бірлік 25 адамнан құралған. Мекеме ішінде күту залы, өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы, жұмыспен қамту және атаулы әлеуметтік көмек бөлімі қарастырылған.
Айта кетейік, Тұран ауданы бойынша жұмыспен қамту бөлімшесіне Қазыбек би көшесі бойынша № 84, 113, 114, 182 бағытындағы жолаушылар көлігі қатынайды. Ал, Дулати көшесінен №84, 113,182 жолаушылар көлігі арқылы “Некрасова” аялдамасынан бөлімшеге қатынай аласыздар.
Шымкент қаласы әкімдігі жұмыспен қамту орталығының халықты жұмыспен қамту және атаулы әлеуметтік көмек мәселелері жөніндегі бөлімдері қаланың 4 ауданында бар.
Тұрғындар жұмыспен қамту және атаулы әлеуметтік көмек мәселелері бойынша қызметтерді төменде көрсетілген мекенжайлардан барып алуға болады.
Халықтың уақытын тиімді ету және сапалы қызмет көрсету мақсатында аталған бөлімдерді әр ауданға бөліп, жаңа мекен-жайға көшірілді.
– Абай ауданы бойынша Жиделібайсын көшесі, 92 («Бекжан» базары, «Бекжан» СО, 1 қабат).
– Әл-Фараби ауданы бойынша А.Байтұрсынов көшесі мен Мирас көшелерінің қиылысы, Мирас көшесі 22Б.
– Еңбекші ауданының бөлімшесі ағымдағы аптаның соңында көшуді жоспарлауда. (мекен-жайы: Күншығыс м/а, Жолан батыр көшесі 115/2).
– Ал, Қаратау ауданы бұрынғыдай «Нұрсәт» мөлтек ауданы, С.Бәйтереков, 89 үйде орналасқан қалалық жұмыспен қамту орталығына қарайды.
Бөлімшелер дүйсенбі-жұма күндері сағат 09.00-18.30-ға дейін жұмыс істейді. Түскі үзіліс 13.00-14.30 аралығында.