Шымкентте құны 14 миллион теңгеге бағаланған Toyota Camry көлігін сатпақ болған тұрғын оңбай алданды. Айтуынша, ол қымбат темір тұлпарын сатылымға қойған. Клиент ретінде табылған ер адам қасына тағы бір танысын ертіп келген екен. Содан көлікті алдымен айдап көретінін айтыпты. Кейіннен темір тұлпарды айдап әкетіп, сол күйі қайтармаған екен.
Жәбірленуші полицияға шағым түсірген. Оның арызы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде 33, 26 және 27 жастағы күдіктілер анықталған. Олардың үшеуі де Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты.
Полицейлердің мәліметінше, ұсталғандар кінәларын толықтай мойындап отыр. Заңсыз әрекетке қаржы тапшылығынан барғандарын және бұл үшін өкінетіндерін жеткізіпті.