Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша ұрлық жасады деген айыппен күдікке ілінген ер адам уақытша ұстау изоляторынан қашып кетті. Оқиға кеше, 11 маусымда болған.
Полиция күдіктінің қашу дерегін растады. ІІМ Telegram-каналындағы мәліметке сенсек, қазір жан-жақты жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Іздеуге Түркістан облысы ПД-нің барлық жеке құрамы жұмылдырылған.
«Бүгінгі таңда “Ұстап алу” жоспары іске асырылуда. Сарыағаш қаласы мен облыстың кіреберісі мен шығысына бекеттер қойылды. Сонымен қатар ұстау шарасына Түркістан облысымен көршілес Шымкент қаласының, Жамбыл, Алматы және Қызылорда облыстарының ПД, көліктегі полицияның бөлімдері мен ҚР ҰҚК Шекара қызметі де жұмылдырылған» делінген ведомство мәліметінде.
Полицейлер ер адамды анықтау мен ұстау мақсатындағы жедел-іздеу шараларын жалғастыруда.