Статистикалық дерекке сүйенсек, Шымкент қаласында әрбір 15 минут сайын шаһардың жаңа тұрғыны дүниеге келеді. Бұл туралы Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.
Қалада 2025 жылға дейін жаңа заманауи перзентхана мен жеке инвесторлардың есебінен 800 орындық клиниканың құрылысын жүргізіп, 6 медициналық орталық ашу жоспарланып отыр.
Биыл жеке инвесторлар есебінен 3 жаңа медициналық орталық ашылды. Соңғы 4 жылда 12 жеке медициналық орталық пайдалануға беріліп, қаладағы мемлекеттік емханалардың жүктемесі 30 пайызға азайды. Өткен жылы қалада жеке инвестор есебінен сәулелі терапия орталығы ашылып, қатерлі ісік ауруын бастапқы сатысында анықтап, алдын ала емдеуге мүмкіндік берілуде. Жалпы соңғы 5 жылда денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту деңгейі 67 пайыздан 79 пайызға артты. Осы бағытта атқарылып жатқан қыруар жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері қалада жалпы өлім көрсеткіші 8%-ға, нәресте өлімі 20,6% – ға төмендеді. Ана өлімі тіркелмеген.
Баспасөз конференциясы барысында қала әкімі Мұрат Әйтеновке журналистер жаңа перзентханаға қатысты сұрақ қойды.
Әкімнің айтуынша, мегаполис бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсуде. Жыл сайын мұнда 33 мың сәби дүниеге келеді немесе әр 15 минут сайын сәби дүние есігін ашады. Сондықтан қалада барлық талаптарға сай келетін және соңғы озық техникамен жабдықталған заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы туралы мәселе өзекті болып тұр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз 200 төсек-орындық перзентхана құрылысына жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауды аяқтаймыз, жыл соңына дейін конкурс жариялауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, 2025 жылға қарай аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қалада қазірдің өзінде үш перзентхана бар. Бұл ең үлкен төртінші перзентхана болады», – деді Мұрат Әйтенов.
Айта кетейік, Шымкент әкімі өз баяндамасында білім саласының жай-күйіне де тоқталып өткен болатын. Шаһар басшысының айтуынша, биыл қалада 18 мектеп пайдалануға беріліп, үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешімін табады. Қалада 134 мың оқушыға ыстық тамақпен, 54 мыңға жуық оқушы мектеп формасымен қамтылған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 2026 жылға дейін 28 мың орындық 18 мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар екі Оқушылар сарайының құрылысы басталып, оның біреуі биыл пайдалануға берілмек.
«Одан басқа, 750 орындық 5 өнер мектебінің құрылысы жоспарлануда», – деді Шымкент әкімі.