Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы балалар лагерінде түсірілген видео қоғамдық резонанс тудырған болатын. Осы бейнежазбадан соң Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева аталған демалыс орнына барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтқан.
Қазір лагерьде ауысым басында болған 600 баланың 190-ы ғана қалған екен. Қалғанын ата-аналары үйге алып кеткен.
«Түлкібас ауданындағы лагерлердің бірінде түсірілген резонансты видеодағы жағдайды өз көзіммен көріп, тексеру үшін сол ауданға барып келдім. Балалармен сөйлесіп, жағдайларын қарап шықтым. Балалар лагерьді өздері көрсетіп шықты. Бағдарлама, тәрбиешілер және бұл жерде өткізген уақыттары ұнап жатыр дейді. Бірақ, лагерьде балаларға дұрыс жағдай жасалмаған. Ұйымдастырушылар жалға алып, балаларға қызмет көрсетіп жатқан ғимараттары өте ескі. Ағымдағы жөндеу жұмыстарының өзі көптен жүргізілмеген сияқты» деп жазды желі парақшасында Динара Закиева.
Оның мәліметінше, демалыс орнындағы қабырғалардың бояуы опырылып түсіп жатыр, бөлмелерде 12 кереуеттен, бәрі ескі. Барлығы тозған күйде. Асүйде кейбір азық-түлік сақтау нормалары сақталмаған. Дәретханалары далада, қазіргі жағдайы нашар. Ал бассейн мүлдем жұмыс істемейді екен. Әкімшілік оны тазалап жатқанын айтқан, дегенмен ол да жөндеуді талап етеді.
Балалар омбудсменінің хабарлауынша, мемлекеттік органдар бұл лагерьде тексеріс жүргізіп жатыр.
«Мұндай мәселе неліктен туындайды? Мысалы, Түркістан облысында тек 6 мемлекеттік лагерь бар. Жазғы демалыспен көбірек баланы қамту үшін әкімдіктер жеке меншік лагерьлерге мемлекеттік тапсырыс береді. Ал қазір бұның бірыңғай тәсіл, ереже, стандарттары мен талаптары жоқ. Сондықтан алдымен заңды өзгерту керек. Біріншіден, бірыңғай ережелер мен талаптарды енгізу керек. Екіншіден, лагерьлер ашылғандары туралы мемлекеттік органдарды хабардар ету керек. Себебі қазір лагерьді ашу үшін тек Төтенше жағдайлар басқармасы мен СЭС-тен рұқсат алу жеткілікті. Осылайша, лагерьді кез келген мекеме ашып жүр»,-деді ол.
Бұдан өзге Динара Закиева Сайрам ауданындағы мемлекеттік лагерьлердің біріне де барғанын атап өтті.
«Ондағы жағдай сәл жақсырақ, дегенмен дәретхана мен бассейн онда да қорқынышты күйде. Дәретхана тағы да далада. Мұның бәрін әкімдік өкілдеріне жеткіздік. Сонымен қатар, Төлеби ауданында орналасқан ЕҚБ балаларға арналған МӘМ-ге де барып келдік» деп жазды балалар омбудсмені.
Жалпы, елімізде 120 мемлекеттік, 98 жеке меншік лагерь, 900 шатырлы, 9,5 мың мектеп жанындағы лагерь бар. Бала құқықтары жөніндегі уәкілл әріптестерімен бірге енді барлық лагерьді тексеріп шығуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, әкімдіктермен мемлекеттік лагерлерьдің бәрінде жөндеу жұмыстарын жүргізуді пысықтауды көздеуде.
Еске салсақ, бұған дейін Түлкібас ауданындағы жазғы лагерьде түсірілген видео тараған еді. Онда демалуға барған балалар жағдай мүлдем жасалмағанын, бұзылған тағам мен қатып қалған нан жеуге мәжбүр екенін айтып, көздеріне жас алады.