Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов балаларды қорғау күніне орай “Металлург” стадионын қайта құруды аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ELITAR.KZ.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов ең заманауи стандарттар бойынша салынған “Металлург” стадионын қайта жаңартуды тексерді. Құрылысшылар спорт залдарын ішкі безендіру, сыртқы абаттандыру жұмыстарын жүргізеді. Жоспарға сәйкес мұнда 1504 орындық трибуна, командалық ойындарға арналған 480 орындық спорт залы, 62 орындық спортшылар үйі, әкімшілік корпус қарастырылған.
“Нысан біздің қаламызда бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға мүмкіндік береді. Стадионның жанында 60 адамға арналған қонақ үй бар. Мұнда Республикалық маңызы бар жарыстарды, түрлі спорттық іс – шараларды ұйымдастыру үшін барлық жағдайлар жасалатын болады”, – деді қала әкімі.
Мұрат Әйтенов Халықаралық балалар күнінде стадионды пайдалануға беруді және қалада үш жыл қатарынан өтіп жатқан жастар лигасының финалдық кезеңдерін өткізуді ұйымдастыруды тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Шымкентке жұмыс сапарымен барған кезде бірқатар әлеуметтік нысандарды салуды тапсырған болатын. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту туралы айта келе, президент Шымкентте балалар жылы деп жарияланған биыл студенттер сарайы мен балалар шығармашылық орталығы салынып жатқанын атап өтті.
“Демографиялық өсімді ескере отырып, әкімдікке 2025 жылға қарай тағы бір Оқушылар сарайын салуды тапсырамын. 5 жыл ішінде Шымкентте 101 мектеп салу жоспарлануда. Бұл маңызды іске бизнес өкілдері белсенді түрде қосылуда. Соңғы екі жылда қалада 50 жекеменшік мектеп ашылды. Өңірдің кәсіпкерлері білім беру жүйесін дамытуға үлкен үлес қосуда. Алдағы жылы әкімдік үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен шешуі тиіс”,-деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол мемлекет мәдениет саласына ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
“Қазіргі уақытта қалада ауқымды іс-шараларды өткізу үшін мәдени орталықтар жетіспейді. Менің тапсырмам бойынша 2000 орындық конгресс-Холлдың құрылысы басталды, ол келесі жылы тапсырылады. Қалада опера және балет театры бар, бірақ ол қажетті талаптарға сай келмейтін бөлмеде орналасқан. Сондықтан Үкіметке Шымкентте опера және балет театрының жаңа ғимаратын салуды тапсырамын”, – деді президент.
Денсаулық сақтау саласындағы ахуал туралы айта келе, Мемлекет басшысы Шымкентке заманауи стандарттарға сай перзентхана қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет пен әкімдіктің алдына перзентхана құрылысын жеделдету міндеті қойылды.