Шымкент қаласының Полиция департаментіндегілер интернет алаяқтарынан сақтану жолдарын түсіндіріп берді.
Ведомство мәліметінше, бірінші кезекте банк қызметкерлерінің кредиттерді рәсімдеу, мүлікті сату, ақшаңызды қауіпсіз шотқа аудару немесе қарыз алу сияқты нұсқауларын телефон арқылы орындамау қажет. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де ұялы байланыс арқылы арнайы операциялар жүргізбейтінін есте сақтаңыз.
Екіншіден: Ешкімге өзіңіздің жеке деректеріңізді айтпаңыз. Пластикалық карталардағы деректер мен төлем туралы түбіртектерді, құпия сөздер мен пин-кодтарды өзге адамдарға тіпті банк, полиция қызметкерлеріне де бермеңіз;
Үшіншіден: Тексерілмеген сайттар мен белгісіз және жеке деректерге сенбеңіз. Онлайн сауда жасау кезінде тауарды алғаннан кейін төлем жасау туралы келісіңіз;
Төртіншіден: Күмәнді келісімшарттар бойынша аударымдарды жүзеге асырмаңыз. Қаржылық схемалардан сақ болыңыз;
Бесіншіден: Смартфонға қосымшаларды орнату үшін тек ресми дереккөздер App Storе, Play Market және т. б. пайдаланыңыз;
Алтыншыдан: Төлем жасау үшін күмәнді сілтемелер бойынша өтпеңіз. Көбінесе алаяқтар төлем жасау үшін сілтеме бойынша өтуді ұсынады;
Жетіншіден: Банк қызметтеріне кіру парольдерін үнемі өзгертіп отырыңыз. Гаджетіңізге 3D қорғауды және банктер ұсынған басқа да қауіпсіздік шараларын қолданыңыз;
Сонымен қатар ұялы телефон арқылы шоттарыңызды жиі тексеріп отырыңыздар.