Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 2018 жылы дүниеге келген бүлдіршіннің мәйіті табылды. Бұл туралы қоғам белсендісі, “Не молчи” қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі Instagram парақшасында жазды.
“13 шілде күні Жібек жолы ауылында 2018 жылы дүниеге келген қыз зорланып, айуандықпен өлтірілген” деп жазды ол.
Дина Таңсәрінің мәліметінше, бүлдіршінді өлтірді деген күдікті ер кісі бұған дейін адам өлтіргені үшін сотты болған және Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша пробациялық бақылауда тұрған.
Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынғанын растады.
“13 шілдеде Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткені туралы арыз жазды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарының бірінің үйінен дене жарақаты бар қыздың денесін тапты. Бұл факт ҚР ҚК-нің 99-бабы “Адам өлтіру” бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды” деп пікір білдірді Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Барлық жағдайлар анықталуда.
Тергеу барысы Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының жіті бақылауында.