Шымкентте тиктокер қыз өз өмірін қатерге тіге отырып, батлдың жеңіліс шарттарын орындау үшін тікелей эфир кезінде жол ережесін бұзған.
Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жүргізу барысында Полиция департаментінің қызметкерлері өрескел құқық бұзушылық жасалған бейнежазбаны анықтады.
Блогер қыз қиылыста тоқтаған көліктен шығып, бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрған сәтте билей бастаған. “Шоуды” қыздың өзі және көлікте қалған ер адам тікелей эфирде көрсеткен.
40 секундқа созылған қойылымды бағдаршамның жасыл түсі мен қозғалыстағы көліктердің сигналы үзді. Заң бұзушы олардан қашып, жолдың шетіне қарай жүгіреді.
“Патрульдік полиция полкінің инспекторлары қыздың жеке басын анықтады. Ол Қызылорда облысының тұрғыны болып шықты. Ол бұл әрекеті үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 615-бабы (Жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысына өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) бойынша жауапкершілікке тартылды” деп хабарлады полициядан.