Шымкентте жас қыздың косметикалық сөмкесінен есірткі табылған. Бойжеткен 3 жылға сотталды. Полицияның 102 арнасына Еңбекші ауданының тұрғындары есірткі қылмысы туралы хабарламамен жүгінген.
Олар өз кварталында есірткі орындарын іздеп жүрген жастарға шағымданған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бейтаныс жігіт пен қыз үлкендердің ескертуіне агрессиямен жауап берген.
Шақырту бойынша оқиға орнына жедел топ барды.
“Тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексеру кезінде қыздың косметикалық сөмкесінен ұнтақ тәрізді заттар салынған 5 орама табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл жалпы салмағы 6 граммға жуық «мефедрон» синтетикалық есірткісі екені расталды” делінген полиция хабарламасында.
Тергеушілер аталған жайтты Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі (Аса ірі мөлшердегі психотроптық заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз иемдену және сақтау) бойынша тіркеді.
Өз жауабында бойжеткен екі күн бұрын түнгі клубтан қайтып келе жатып, жолда кездейсоқ “ұнтақтың” 6 дозасы бар пакетті тауып алғанын айтқан. Оның біреуін досымен бірге қолданып көріп, қалғанын косметикалық сөмкесіне тығып қойған.
Тергеушілер барлық қажетті дәлелдемелерді жинап, қылмыстық істі сотқа жіберді. Ауыр қылмыс жасағаны үшін сот Түркістан облысының 31 жастағы тұрғынын үш жылға бас бостандығынан айырды.