Таксиге мініп, діттеген жеріне жеткен соң көлік ішінде кішкентай баласын ұмытып кеткен әйелді желі қолданушылары қызу талқылауда.
Көлік ішінде ұйықтап жатқан баланы такси жүргізушісі видеоға түсіріп алған. Бейнежазба әлеуметтік желілерде пайда болды.
«Таксиде жүрмін ғой, талай нәрсені көрдім. Бірақ баласын ұмытып кеткен адамды көрмедім. Басқа клиентке кетіп бара жатқанмын, қарасам артымда жатыр. Енді баласын жеткізіп беруге қайтадан бара жатырмын»,-дейді жүргізуші.
Видеоны көрген желі қолданушылары түрлі пікірлерін қалдырып, басым көпшілігі баланың анасына жанашырлық танытты.
«Кімнің басына не келіп, не кетпей жатқан заман?.. Кредит, қарыз, уайымы бар… Миы ашып ұмытқан шығар», «Әйелдерде бітпейтін қу тіршілік қой», «Бізде бір апай баласын автобуста ұмытып кеткен. Естігенде әбден күлдік», «Балабақшадан алуды да ұмытып кететіндер бар», «Ондай-ондай болады», «Байқұс әйел шаршап жүрген шығар», «Әйелде ес бар дейсің бе? 1045 шаруа мойнында. Еркектер үндемей-ақ қойсын», «Қандай жағдайда жүргенін білмейміз, артық сөз айтқым келмейді», «Әйел шаршаса бала түгілі өзінің қайда қалғанын білмей қалады» деп жазды желі қолданушылары.