«Мемлекеттік тіл – қазақ тілі, сіз де осыны естен шығармаңыз, қазақ тілінің мәртебесін нығайтуға, бірақ басқа тілдерді кемсітпеуге және зиян келтірмеуге шаралар қолдануыңыз керек. Бұл басқа тілдерде сөйлейтін адамдар мен азаматтарға да қатысты айтылған», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттерде, әсіресе көпұлтты мемлекеттерде ұлттық бірлікті сақтаудың өте маңызды екенін атап өтті.
«Тілге қатысты кемсітушілікке жол жоқ. Бұл сұраққа Конституция нақты жауап береді. Еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілі, бірақ орыс тілі де еліміздің Конституциясында лайықты орын алады. Ендеше осыдан бастайық», деді Мемлекет басшысы.
Бүгінде Шымкент қалалық тілдер орталығында қала тұрғындарымен қатар шетелдік азаматтар да тіл үйреніп жүр. Қазақша үйренуге ниет білдірген Ресейден, Ауғанстаннан, Украинадан, Татарстаннан, Әзірбайжаннан келген шетелдік азаматтар қазір мемлекеттік тілдің бастапқы деңгейінде сөйлей алады.
Орталық мамандары шетелдіктерді қазақшаға баулып қана қоймай, оларға еліміздің тарихы мен тыныс-тіршілігін таныстыру мақсатында көрікті жерлер мен тарихи орындарға саяхат сабақтарын ұйымдастырып отырады.
Жалпы, орталықта тіл үйренгісі келетін азаматтарға барлық жағдай жасалған. Мұғалімдер түрлі тәжірибелерді қолданып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында аянбай еңбек етуде.
Ал жалпы қазақ тілін үйрету, дәстүрімізді дәріптеу мақсатында, 2019 жылы 31 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасынан» бастау алған болатын. Алғашқы асқаралы міндеттерінің бірі – «Абай институты» ашық білім беру жобасы жақын арада қалың жұртшылыққа жол тартады.
Аталмыш жоба әуелгі кезекте қазақ тілін, әдебиеті мен мәдениет дәріптеуді және танымал етуді көздейді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді оқыту бағдарламаларының жалпыға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін республикада және шетелде қазақ тілінде ашық білім алуды жүзеге асырады. Қазіргі таңда «Отандастар» қорымен бірлесіп, бес мемлекетте: Түркия, Иран, Ресей, Белгия және АҚШ елдерінде қазақ тілін оқыту курстары жұмысын бастап кетті.
Әлемдік тәжірибеге жүгінсек, тіл үйренуге, бір халықтың әдебиетін, тарихын, елін жалпы болмыс-бітімін насихаттайтын мұндай тәжірибе жеткілікті. Дүниежүзі бойынша мұндай 25-тей орталық бар.