Соңғы 3 жылда Қазақстанда экотуристер саны 2 еседен астам өсті. Мәселен, 2020 жылы экотуристер саны 985 мың болса, 2022 жылдың соңында олардың саны 2 млн-ға жетті.
Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, бұл – Қазақстандағы экологиялық туризмнің даму динамикасы және елдегі экотуризм мәдениеті қалыптасқанының көрсеткіші.
“Республиканың ұлттық саябақтарында жаңа туристік нысандар: визит-орталықтар, кемпингтер мен глампингтер салынып жатыр. Онда қонақтарға жергілікті экожүйе және жабайы жануарлар, туристік маршруттар, тасымалдау пункттері және т.б. туралы ақпарат беріледі. Мысалы, «Аюсай» визит-орталығында туристердің қауіпсіздік журналына әр түрлі соқпақ жолдармен шығатын саяхатшыларды тіркейді. Егер демалушылар сағат 22:00-ге дейін оралмаса, визит-орталық қызметкерлері іздеуді бастайды”,- деді Ержан Еркінбаев.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы 2 жылда Қазақстанның ұлттық парктерінде 14 визит-орталық ашылды. Оның 7-сі жеке инвесторлардың қаражатын тарта отырып салынды. Сонымен қатар елдегі глампингтер саны биыл 38-ге жетті.