Ішімдік ішкен түркістандық әйел суицид жасамақ болды. Оны полицейлер дер кезінде құтқарып қалды.
Оқиға түнгі сағат 02:00 шамасында болған. Полиция басқармасына облыс орталығындағы көпқабатты пәтердің 9-қабатынан белгісіз әйел секірейін деп тұрғаны бойынша хабарлама келіп түскен. Ақпарат бойынша жақын аймақта жүрген патрульдік полиция қызметкерлері оқиға орнына дереу жетті. Көрсетілген көпқабатты үйдің 9-қабатынан өз-өзіне қол жұмсамақ болған тұрғынды көрген қос полицей дереу жоғары көтеріліп, биіктен секірмек болған әйелдің пәтеріне кірген.
Ашық тұрған есік арқылы ішке еніп, әйелді ас бөлмесінің терезесінен құлау ниетімен тұрған жерінен анықтаған. Оны аман алып қалуға қажетті шараларды іске асырып, терезеге ілініп тұрған тұрғынды күш салып ұстап қалып, қауіпсіз жерге көтеріп шығарған. Құтқару шараларына жергілікті тұрғынның бірі өз көмегін көрсетті.
Полиция мәліметінше, тексеру барысында тұрғынның суицид жасауына масаң күйде болуы әсер еткені анықталды. Жас әйел теріс әрекеті үшін өкініп, алдағы уақытта мұндай жағдайды қайталамайтынын жеткізді.