Шымкентте бала күтуші жас қыз үй иесінің алтын бұйымдарын жымқырып, кейін оларды сатып жіберген. Жәбірленушіге келтірілген шығын – 1,5 миллион теңге.
102 арнасы арқылы жергілікті тұрғын арызданып, өз шағымында жатын бөлмесіндегі шкаф ішінен құны 1 млн 500 мың теңге тұратын алтын әшекейлерінің жоғалғанын айтқан.
Оқиға орнына жедел тергеу тобы барып, істің мән-жайын нақтылау барысында сол үйде бала күтімімен айналысатын 19 жастағы қыз күдікке ілінді.
Шұғыл іздеу жұмыстарын жүргізіліп, күдікті полиция басқармасына жеткізілді. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі «Ұрлық» бойынша тіркелді.
Полиция департаментінің мәліметінше, бойжеткен алғашында үй иесінің неке жүзігін ұрлап, сатып жіберген. Кейін сөредегі алтындарға көзі түсіп, оны да қаладағы базарларға апарып өткізген.
Күтуші өз кінәсін толық мойындап, бұл ісі үшін өкінетінін жеткізген. Жәбірленуші келтірген материалдық шығынның толығымен өтелуіне байланысты жас қызға кешірім беріпті.