Шымкентте мас күйдегі үй иесі учаскелік полицейге пышақпен шабуыл жасады. Полиция департаментінің хабарлауынша, бұл оқиға 6 қыркүйек кешкі уақытта болған.
Учаскелік инспектор отбасылық жанжал туралы шақырту түскен мекен-жайға барған. Арызданушының айтуынша, оны күйеуі ұрған.
Үй иесі қолына пышағын алып, тәртіп сақшысына былапыт сөздерді жаудырған. Тәртіп сақшысы пышақты тастауды талап еткенде, мас ер адам оған шабуыл жасап, мойны мен қолын жарақаттаған.
“Полиция қызметкері әріптесінің көмегімен қаскүнемді қарусыздандырды. Аталған жайтты тергеушілер Қылмыстық кодекстің 380-бабы 3-бөлігі “Билік өкілінің өз қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану” бойынша тіркеді” делінген ведомство мәліметінде.
Белгілі болғандай, күдікті 2015 жылы осы баптың бірінші бөлігімен қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар бұрын әйелінің денсаулығына зиян келтіргені үшін әкімшілік қамауға алынып, полицияның есебінде тұрған.
Ер адам қазір қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.