Шымкентте аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырған шенеуніктер ол ақшаға Астанадағы элиталық тұрғын үй кешенінен қымбат үй сатып алған.
Шымкент қаласы әкімдігі мен мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының лауазымды тұлғаларына қатысты істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті тергеп жатыр.
Жұмыс пен тауарлардың құнын жоғарылатып, жылу желілері мен электр желілерін ағымдағы жөндеуге бөлінген 1,1 млрд теңгені ұрлау жолымен қалалық коммуналдық кәсіпорнының басшылығы қылмыс жасады деп күдіктелуде. Күдіктілер соттың санкциясымен қамауға алынды.
Агенттік мәліметінше, шенеуніктер заңсыз жолмен тапқан ақшаны пайдаланып, Астанадағы элиталық тұрғын үй кешендерінен құны 150 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік сатып алған. Тергеу сотының санкциясымен барлық мүлікке тыйым салынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.