Жетісай ауданында әуесқойлар арасында балық аулаудан жарыс өтті. Сайысты аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі ұйымдастырған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттай отырып туризмді дамыту, қоршаған ортаны қорғау, жастар арасында балық аулау спортына деген қызығушылықты арттыру. Сонымен қатар көршілес аудан, қалалардағы балықшылар арасында өзара тәжірибе алмасу, достық қарым-қатынасын нығайту, Түркістан облысының туристік әлеуетін арттыру болып табылады.
Шардара су қоймасының демалыс аймағында өткен жарысқа Жетісай мен Мақтаарал аудандарынан келген 25 командада 100-ге жуық балықшы қатысты.
5 жылдан бері жалғасын тауып келе жатқан екі күндік сайыстың қорытындысы бойынша І-орынды «Бекзат carp» командасы қанжығасына байласа, ІІ-орынды «Санұр» командасы иеленді. Ал ІІІ-орын «Дархан fishing» командасына бұйырды. Бұддан бөлек сайысқа белсенді қатысып, ерекше көзге түскен жекелеген балықшылар арасында «Ең үлкен балық ұстаушы», «Алғашқы балық ұстаушы», «Ең жас балық ұстаушы» номинациялары бойынша да қатысушылар анықталып, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.