Алматыда №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының базасында сирек патологиясы бар балаға операция жасалынды. Дәрігерлер пациентке аяғының бармағын қолына салып берген.
Науқастың әжесінің айтуынша, немересі туылған кезде оң қолының білегі болмаған. Ал сол қолының бас бармағы толық дамымаған екен.
«Қызым “Мейірімділік” қоғамдық қорына жүгінген болатын. Немеремді зерттеп қараудан кейін дәрігерлер аяқтың бармағын сол қолға ауыстырып салуға болатынын айтты. Бұл оған сол жақ қолымен зат ұстауға, сол жақ қолымен толық жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Болашақта мектепке барғанда сол қолымен қалам ұстап, жаза алады”, – дейді баланың әжесі Мира Калибекова.
№2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияровтың айтуынша, бала оң қолдың аплазиясымен және сол қолдың бас бармағы мен ортаңғы саусағының фалангаларысыз дүниеге келген.
«Бала жүреді, ойнайды. Ата-анасы оған оң білегіне косметикалық протезге тапсырыс берді. Даму жағынан бала өз қатарынан қалмайды. Оның барлық анализдері қалыпты. Бармақты қолға трансплантациялау операциясы сегіз сағат жасалды. Енді науқасқа қалпына келу қажет”,- деді аурухана директоры.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, аурухананың травматолог-микрохирургтары және әлемге әйгілі микрохирург, Мәскеу қаласындағы травматология және ортопедия кафедрасының профессоры Игорь Голубевпен бірге аяғы мен қолында ақауы бар 6 пациентке операция жасалды. Операциялар әртүрлі сипатта болған. Оның ішінде туа біткен ақаулар да, жарақат алғаннан пайда болған ерекшеліктер де бар. Бұл операциялар “Мейірімділік”ерікті қоғамдық қоры мен Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен өткен үш күндік практикалық тәжірибе алмасу шеңберінде жасалынған.