ТЖМ сейсмологиялық бақылау және зерттеу Ұлттық ғылыми орталығы мәліметінше, 23 қаңтар мен 29 қаңтар аралығында еліміз бойынша 2405-тен аса әлсіз афтершок тіркелді. Ал олардың 12-сі Алматыда сезілген.
“Бұл ошақта жер сілкінісінен кейін афтершоктар бүгінгі күнге дейін жалғасып жатыр, бұл да табиғи құбылыс, бұл процестің қанша уақытқа созылатынын айту қиын”, – делінген хабарламада.
Естеріңізде болса, былтыр ақпан айында Түркия елінде жерасты дүмпулері орын алып, 17 мыңнан астам адам қайтыс болған. 72 мыңға жуық адам жараланған. AFAD дерегіне сәйкес, 6 ақпан күні Түркияның Кахраманмараш-Пазарджик ауданында 7,7 балл қуатымен және Эльбистанда 7,6 балл қуатымен жер сілкінгеннен кейін бірнеше күнге жалғасқан 4 мыңнан астам афтершок тіркелген. Мамандар, бұл қалыпты құбылыс екенін айтып отыр. Яғни, жер сілкінісінен кейін дүмпулердің болуы табиғи құбылыс. «Оның қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Яғни зілзала ошағы орналасқан аймақтың сейсмикасы, жер қыртысының геологиялық құрылымы, тектоникалық ерекшеліктері әсер етеді. Кейін әлсіреп, қалыпты режимге оралады», – дейді сейсмологтар.