Президент Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмектесіп жатқан жандармен кездесті. Төтенше жағдай кезінде өңір тұрғындарының жоғары деңгейде ұйымшылдық танытқанын атап өтіп, табиғат апатымен күресіп жүрген барлық азаматқа алғысын білдірді.
Кездесу барысында, СҚО бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Елена Семидоцких облыстағы әр ауданда гуманитарлық көмек қабылдайтын пункттер ашылғаны жөнінде мәлімет берді. Сонымен қатар, «Birgemiz» волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Анастасия Волкова еріктілердің жедел әрекет ету штабы құрылғанын айтып, штабтағы 2500-ден астам волонтердің жұмысын үйлестіріп отырғанын жеткізді. Бұдан бөлек, «Севказэнерго» акционерлік қоғамының бас директоры Анатолий Казановский аталған кәсіпорынның акционерлері 100 миллион теңге бөлгенін, трансформаторлар орнату және электр желілерін тарту жұмыстарын жүргізгенін айтты. Ал, «Қызылжар жолдары» ЖШС директоры Асхат Жолдаспаев компанияның су тасқынына қарсы шараларға белсенді атсалысып жатқанынымен бөлісті. Сондай-ақ, аталған мекеме бөгеттер салу және нығайту үшін арнаулы техникалар мен қажетті құрал-жабдықтар бөліп отыр.