Әлеуметтік желіде, белгісіз біреу елордадағы білім ұяларына қарулы шабуыл жасайтынын жазған. Және нөмірі екінші мектепте жарылыс орын алады деп елді дүрліктірген. Қалған мектептерде атыс болатынын айтқан.
Алайда, бұл ақпарат жалған болып шықты. Жергілікті полиция қызметкерлері мектептерде тексеру жүргізген.
«Полиция департаменті мессенджерлерде, соның ішінде Telegram-да қала мектептерінде терроризм қаупі туралы кең таралған жарияланым шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. Білім беру ұйымдары тиісті қызметтермен тексерілді», – делінген хабарламада.
Полиция өкілдері тұрғындардан тыныштықты сақтауды және тек ресми ақпаратты ұстануды сұрады. Бұдан бөлек, көрінеу жалған хабарлама таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған еске салды.
Айта кетейік, бұған дейін де осыған ұқсас ақпараттар анықталған болатын. Яғни, Ақтөбе қаласында әлеуметтік желіні пайдаланған белгісіз азамат, мектептерге шабуыл жасап, оқ жаудыратынын жазған болатын.