Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев екі ел президенттерінің кездесуіне қатысты.
Осыған дейін екі ел арасында келісім болған еді. Яғни, Өзбекстанмен жарты жыл ішінде Қазақстанға Сырдария өзені арқылы 3,7 млрд текше метр су жіберілетіндігі туралы. Нәтижесінде өзбек тарапы келісілген су көлемін 4 айда жіберді.
Бұл жұмыстардың барлығы еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі шаруалардың суармалы суға сұранысын толық қанағаттандыру үшін жасалып жатыр дейді министр.
Бүгінгі таңда Шардара су қоймасында 1.5 млрд текше метр су бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 500 млн текше метрге артық. Шардара су қоймасына жалпы көлемі 4 млрд текше метр су келді.
Өз кезегінде Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 4,5 млрд текше метр су жіберілді. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 1 млрд текше метрге артық. Қызылқұм каналына 850 млн текше метр су, ал 590 млн текше метр Солтүстік Арал теңізіне жіберілді.
«Көршілерімізбен Тоқтоғұл және Бахри-Точик су қоймаларының жұмыс кестесін алдын ала келісудің нәтижесінде «Достық» мемлекетаралық каналының қазақстандық бөлігіне су тұрақты түрде келуде. Қазір аталған канал арқылы елімізге секундына 90 текше метр су келеді. Бұл Түркістан облысының шаруаларын суармалы сумен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті», – деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.
Естеріңізге сала кетейік, 1 сәуірден бері өзбек тарапы елімізге Сырдария өзені арқылы 4 млрд текше метрден астам су жіберген болатын.