Батыс Қазақстан облысындағы тұрғындарға «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржысына салынған 100 жаңа үйдің кілті салтанатты түрде табысталды деп хабарлады БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сырым ауданында 114 үй салынды: Өлеңті ауылында – 40, Жымпитыда – 48, Бұлдырты ауылында – 25 және Көздіқара ауылында 1 үй. Айта кетейік, жаңа үйлер салынған Жымпиты ауылындағы шағын аудандардың бірі “Қазақстан халқына”деген атауға ие болды.
“Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды барлық қажеттілікпен қамтамасыз етуді тапсырды. Осыған байланысты, біз табиғи апатқа ұшыраған БҚО тұрғындарының баспана мен тиісті ақшалай өтемақыларды уақытында алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бұған меценаттар мен үкіметтік емес ұйымдар үлкен қолдау көрсетуде. Батысқазақстандықтарға арнап атсалысқаны үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына алғыс айтамын”,- деді БҚО әкімі Нариман Төреғалиев.
Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев қоныс аударушыларды қуанышты шарамен құттықтады.
«Қазақстан халқына» қоры Президенттің тапсырмасымен құрылды және қиын-қыстау кезеңінде отандастарымызға жақын болу маңызды миссиясын жүзеге асырады. Биыл еліміздің бірнеше өңірі алапат су тасқынынан зардап шексе, енді бүгін Сырым ауданында салынған жаңа үйлердің кілтін салтанатты түрде табыс етудеміз. «Қазақстан халқына» қорының қатысуымен еліміздің 5 өңірінің 20 елді мекенінде 627 тұрғын үй салынатынын атап өткім келеді. Бүгінгі күні 257 отбасы қоныс тойын тойлап үлгерді. Біздің меценаттарымыздың және Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің, құрылысшылар мен «Қазақстан халқына» қорының бірлескен жұмысының арқасында Батыс Қазақстан облысында 114 жаңа үй салынды», – деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев.
Жалпы алғанда, су тасқынының зардаптарын жою аясында «Қазақстан халқына» қоры Батыс Қазақстан, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында 627 отбасына ауылдық жерлерде тұрғын үй салуға 16,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді.