Қазақстанда жарақат алған 200 мыңға жуық бала тіркеледі. Оның ішінде балалардың 1,2% өмір бойына мүгедек болып қалады. Көбіне балалардың 70 пайызы үйде жарақаттанса, 20%-ы өмірге сәйкес келмейтін жарақаттардан қайтыс болады екен. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында мәлім болды.
«Мүгедек болып қалу мен түрлі себептерден болатын өлім-жітімнің алдын алуға болады. Балалар арасында байқаусызда жарақаттанудың басты себептері – жол-көлік оқиғалары, суға бату, улану, құлау, термиялық күйік алу», – деді ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.
Балалар арасындағы өлім-жітімнің себептерінің ішінде суға бату екінші орында.
«Ата-аналар арасында жүргізілген таңдамалы зерттеу суда болған кезде балалардың жартысына жуығы жүзуге арналған қауіпсіздік құралдарын пайдаланбайтынын көрсетті: құтқару кеудешелерін, белбеулер мен жеңдерді», – деді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.
Сонымен қатар, балалардың терезеден құлау жағдайларының саны өскен. Мәселен, статистикалық мәлімет бойынша соңғы үш жылда 1,6 есеге артқан. Яғни, осы жылдың 6 айында терезеден 223 бала құлаған, оның 12-сі көз жұмды.
ДДҰ мен ЮНИСЕФ-тің «Балалар жарақатының алдын алу туралы» баяндамаларында балалармен болған қайғылы оқиғалардың 80%-ы ата-аналардың кінәсінен болатыны атап өтілген.