Президент V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жөнінде кеңес өткізді деп хабарлады Ақорда.
Жиында Ұлттық құраманың, спорт кешендердің, қонақ үйлер мен мәдениет орындарының дайындық барысы, сондай-ақ қоғамдық көлік, қауіпсіздік және тазалық мәселелері пысықталды.
Мемлекет басшысы Көшпенділер ойындары ұлттық спорт түрлері бойынша өткізілетін әлемдегі ең ірі жарыс екенін атап өтіп, оны жоғары деңгейде ұйымдастыру, халқымыздың терең тарихы мен мәдениетін, қонақжайлылығын көрсету, меймандар мен спортшыларға қажетті жағдай жасау маңызды екеніне назар аударды.
Кеңесте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасады.
Айта кетейік, дүбірлі дода 8-13 қыркүйек күндері Астана қаласында өтеді. Түркі әлемі көз тіккен көшпенділер ойыны кезінде елордаға жалпы 100 мыңнан астам турист келеді деген жоспар бар.
Түркі әлемі үшін Олимпиадаға пара-пар жарысқа 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады. Олар спорттың асық ату, көкпар, бәйге, теңге ілу, мас-рестлинг, қазақ күресі, арқан тартыс, аударыспақ, дәстүрлі садақ ату, көк бөрі, жамбы ату және овари сынды 21 түрінен мықтыны анықтайды.