XVII жазғы Паралимпия ойындарының алтын жүлде иегері Давид Дегтярев.
Ол, пара пауэрлифтингтен 54 кг салмақ дәрежесінде сынға түсіп, көк туымызды көкте желбіретті. Жерлесіміз 188 кг салмақты еңсеріп, екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанды.
Күміс медальді 185 кг көтерген Куба өкілі Рамирез Барриентос Пабло жеңіп алды. Ал, қола жүлдені 179 кг нәтижесімен Қытай спортшысы Ян Джинлан иеленді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Паралимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Давид Дегтяревті құттықтады.
– Давид Дегтяревті Паралимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы атануымен шын жүректен құттықтаймын! Ол ерекше ерік-жігер танытып, жеңіс тұғырынан көрінді, – деп жазды Мемлекет басшысы өзінің Х әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ, жеңімпазды ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, телефон арқылы құттықтап, алғыс білдірді.