Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінде “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығы медицина басқармасының жыл сайынғы жоспарына сәйкес 2-2024 шақырылым сарбаздарынан іріктелген штаттан тыс санитарлық нұсқаушыларымен әскери бөлім аумағында оқу әдістемелік жиын өтті.
Жиынға Шымкент қаласында орналасқан апаттар медицинасы бойынша арнайы мамандар қатысып, дәріс жүргізді.
Оқу жиыны барысында сарбаздар алғашқы медициналық көмек көрсету, жарақат алған жағдайда әрекет ету, апаттар мен төтенше жағдайларда медициналық көмек ұйымдастыру сияқты маңызды дағдыларды меңгерді.
«Бұл жиын біздің әскери бөлімде жылына екі рет өткізіледі. Біздің мақсатымыз – сарбаздардың медициналық білімдерін арттыру, оларды төтенше жағдайларда тиімді әрекет етуге дайындау», – деді медицина қызметінің бастығы Қуаныш Ахметов.
Оқу әдістемелік жиынның қорытындысы бойынша сарбаздар алған білімдерін практикада қолдануға дайын екендіктерін көрсетті. Оған қоса, жиын соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді. Бұл шара әскери бөлімнің медициналық қызметінің кәсіби деңгейін арттыруға және сарбаздардың денсаулығын қорғауға арналған маңызды қадам болып табылады.