20 наурыз күні сағат 11:00-де Наурыз мейрамына орай барлық мектептерде республикалық челлендж өтеді.
Шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, патриотизмді нығайту, ұлттық мәдени мұраны сақтау және балалар арасында домбыра өнерін насихаттау дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
«Домбырашылар челленджі – бұл балалар, жастар, педагогтер мен ата-аналардың музыкалық шеберлігін танытатын және бүкіл елді домбыра үнімен біріктіретін ерекше шара. Оған барлық тілек білдіруші қатыса алады. 2023 жылдан бастап челлендж барлық білім беру ұйымдарында ұйымдастырылып келеді және ол маңызды мәдени оқиғаға айналды. Челлендж «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы мен «Наурызнама» іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылады», – дейді тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов.
Айта кетейік, Наурыз мейрамын мерекелеу 14-23 наурыз аралығында еліміздің барлық мектептерінде өтеді. Бұл күндері тақырыптық челлендждер, экологиялық акциялар және ұлттық ойындар бойынша жарыстар ұйымдастырылады.